Тазалық пен тәртіп — ортақ іс: Талдықорғанда “Таза Қазақстан” акциясы аясында бірлескен рейд өтті
Талдықорған қаласында “Таза Қазақстан” экологиялық бағдарламасын іске асыру аясында облыстық ведомствоаралық мобильді топтың кезекті рейдтік іс-шарасы өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Бірлескен рейдке полиция қызметкерлері, өңірдің табиғат қорғау прокуратурасының өкілдері, сондай-ақ энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мамандары қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты — қоршаған ортаның ластануының алдын алу, абаттандыру қағидаларын бұзу фактілерін анықтау, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің пайда болуына жол бермеу және қоғамдық орындарда тазалықты сақтауға азаматтардың жауапкершілігін арттыру.
Рейд барысында полиция қызметкерлері заңнама талаптарының бұзылу фактілерін анықтап, заңда көзделген әкімшілік ықпал ету шараларын қолданды. Әрбір анықталған құқық бұзушылық бойынша тиісті әкімшілік материалдар рәсімделді.
Мұндай профилактикалық іс-шаралар тұрақты негізде өткізілетін болады. Олардың басты мақсаты — қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және Жетісу облысының тұрғындары мен қонақтары үшін қауіпсіз, таза әрі жайлы қалалық ортаны қалыптастыру.
Полиция азаматтарды тазалықты сақтауға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға және тәртіп әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын ұмытпауға шақырады.
