Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында полиция ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне мұқият болуға шақырады

Жамбыл облысында полиция ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне мұқият болуға шақырады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жазғы демалыстың басталуымен балалардың үйде, аулада, ойын алаңдарында және су айдындарының маңында өткізетін уақыты көбейеді. Осы кезеңде кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жазатайым оқиғалардың қаупі де артады. Әсіресе, балалардың терезеден құлауы – ең ауыр әрі өкінішті оқиғалардың бірі.

Жылдың басынан бері Жамбыл облысында балалардың терезеден құлауының 9 дерегі тіркелген. Соның салдарынан 8 бала түрлі дәрежедегі дене жарақатын алып, бір бүлдіршін көз жұмды. Зардап шеккендердің жасы 2 мен 8 жас аралығында.

Барлық дерек бойынша кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабына сәйкес балаларды тәрбиелеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мәселен, 19 маусым күні облыс аудандарының бірінде екі жасар қыз балаға қатысты қайғылы жағдай болды. Бүлдіршін бөлмеде ойнап жүрген сәтте анасы жақын маңдағы дүкенге аз уақытқа шығып кеткен. Ересектердің қарауынсыз қалған бала лоджияға шығып, сол жерде тұрған орындыққа мініп, тепе-теңдігін жоғалтып, үшінші қабаттан құлап кеткен. Ауыр жарақат алған сәби дереу ауруханаға жеткізілді. Тексеру нәтижесінде анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп кең көлемді профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Көктемгі-жазғы маусым басталғалы бері 3,5 мыңнан астам тұрғын үй араланып, тұрғындармен 800-ден астам кездесу өткізілді. Кездесулер барысында азаматтарға қауіпсіздік талаптары түсіндіріліп, терезелерге арнайы қорғаныс бекіткіштерін орнатудың маңыздылығы айтылды.

Полиция ата-аналарға мынадай қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға кеңес береді:

- балаларды, тіпті қысқа уақытқа болса да, үйде қараусыз қалдырмаңыздар;

- терезелерге арнайы қауіпсіздік шектеуіштерін орнатыңыздар;

- терезе маңына баланың мініп шығуына мүмкіндік беретін жиһаз қоймаңыздар;

- бөлмені желдету кезінде балаларды үнемі бақылауда ұстаңыздар.

Сонымен қатар балалардың су айдындары маңындағы қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлген жөн. Шомылу тек ересектердің тұрақты бақылауымен жүзеге асырылуы тиіс. Балалардың өзендерге, көлдерге, каналдарға және басқа да қауіпті орындарға өз бетінше баруына жол бермеңіздер.

Баланың қауіпсіздігі – ең алдымен ересектердің жауапкершілігі. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау және балаларды әрдайым назарда ұстау олардың өмірі мен денсаулығын сақтаудың басты кепілі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру