БҚО-да "Ауладағы қабылдау" акциясы аясында 2 мыңға жуық тұрғынмен кездесу өтті
Батыс Қазақстан облысында азаматтармен тікелей диалог орнатуға бағытталған "Ауладағы қабылдау" республикалық акциясы жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Акция басталғалы бері облыс аумағында 2 мыңға жуық тұрғынмен кездесулер өткізілді.
Кезекті кездесу Зашаған кентінің аулаларында ұйымдастырылды. Оған БҚО ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Олжас Ибрайымов, Зашаған кенті әкімінің орынбасары Нұрболат Мухитов, Шаған полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары және ПИК өкілдері қатысты.
Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған қоғамдық қауіпсіздік мәселелерін көтеріп, полиция қызметкерлеріне сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Аула аумағындағы тәртіп, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Тұрғындардың ұсыныстары тыңдалып, көтерілген мәселелер бойынша тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Осындай кездесулердің бірінде қоғамдық мәселелерге белсенді араласып, тұрғындармен бірлесе отырып қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға үлес қосып жүрген Айғаным Нұрсұлтанқызына ерекше алғыс білдірілді. Ол азаматтық белсенділігі мен қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысқаны үшін БҚО полиция департаменті бастығының атынан алғыс хатпен марапатталды.
