БҚО-да Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күніне орай профилактикалық іс-шаралар өткізілді
30 шілде – Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күніне орай Батыс Қазақстан облысында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараларға 100-ден астам полиция қызметкері мен 30-ға жуық ерікті жұмылдырылды.
Полиция қызметкерлері мен еріктілер облыс орталығындағы 10 сауда үйі мен 3 базар аумағында тұрғындарға ақпараттық жадынамалар таратып, адам саудасының қауіптері, оның алдын алу және қорғану жолдары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар жазғы демалыс лагерлерінде балаларға арналған танымдық ойындар мен сурет байқауы ұйымдастырылды. Іс-шара барысында адам саудасының алдын алу тақырыбы жас ерекшеліктеріне сәйкес түсіндіріліп, соңында қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталды.
Полиция азаматтарды сақтық шараларын сақтауға шақырады. Атап айтқанда, жеке құжаттарды бөгде адамдарға бермеу, жұмысқа тек заңды негізде орналасып, еңбек шартын жасау, сондай-ақ күмәнді ұсыныстарға сенбеу қажет.
Адам саудасына қатысты құқық бұзушылыққа тап болған немесе осындай деректер туралы ақпаратқа ие болған жағдайда, азаматтардан 102 арнасына хабарласу сұралады.
