Петропавлда полиция қызметкері тұрғынға көмек көрсетіп, алғыс алды
Петропавлда полиция қызметкері тұрғынға көмек көрсетіп, алғыс алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қаласының орталығында суретке түсіп жүрген жергілікті тұрғынның көзілдірігі абайсызда субұрқаққа түсіп кеткен. Көзілдіріксіз оның көруі өте нашар болғандықтан, жұбайы полиция қызметкерлерінен көмек сұрады.
Сол сәтте полиция қызметкері Жангелді Дүйсенбаев әскери қызметшілермен бірге қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша қызмет атқарып жүрген еді. Ол алдымен жағдайдың қауіпсіз екеніне көз жеткізіп, оқиға туралы кезекші бөлімге хабарлады. Субұрқақ жоспарлы түрде тоқтатылғаннан кейін ғана оның ішіне түсіп, көзілдірікті тауып, иесіне қайтарып берді.
Полицейдің жедел әрі жауапты әрекетінің арқасында тұрғынның өтініші қауіпсіз түрде орындалды.
– Мұндай жағдайда ең бастысы – қауіпсіз әрекет ету. Отбасыға жедел көмектесе алғаныма қуаныштымын, – деді Жангелді Дүйсенбаев.
Бұл – қалалық ювеналды полиция бөлімінің жас қызметкері Жангелді Дүйсенбаевтың тұрғындарға көмек көрсеткен алғашқы жағдайы емес.
Шілде айының басында ол әріптестерімен бірге жоғалған сөмкені тауып, иесін жедел анықтауға көмектесті. Сөмкенің ішінен табылған визит картасы арқылы оның иесі анықталды. Сөмкеде ақша, банк карталары және құжаттар болған.
Бір қызығы, Жангелді Дүйсенбаев ішкі істер органдарында жарты жылға да жетпейтін уақыттан бері қызмет атқарып келеді. Соған қарамастан, оның іс-әрекеттері полиция қызметінің тек құқықтық тәртіпті қамтамасыз етумен ғана шектелмей, адамдарға нақты көмек көрсетуге бағытталғанын айқын дәлелдейді. Бұл – "Заң мен тәртіп" қағидатының нақты көрінісі.
