Абай облысында студент жанжал үшін қоғамдық жұмысқа тартылды
Абай облысында жатақханадағы жанжал үшін студент 220 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Семей қаласының 20 жастағы тұрғыны танысының денсаулығына зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылып, қазіргі уақытта Урджар ауданы пробация қызметі бөлімінің бақылауымен жазасын өтеуде.
Оқиға жас жігіт Өскемен қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде білім алып, студенттік жатақханада тұрған кезде болған. Танысымен кездесіп сөйлесу барысында олар бұрынғы реніштерін еске алып, араларында сөзге келіспеушілік туындаған. Кейіннен жанжал төбелеске ұласып, жас жігіт танысының бет тұсына бірнеше рет соққы жасап, денсаулығына зиян келтірген.
Сот оны кінәлі деп танып, оған 220 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындады.
Сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін сотталған азамат Урджар ауданының пробация қызметіне есепке қойылды. Тағайындалған жазаны орындау үшін ол ауылдық округ әкімдігіне жұмысқа орналастырылып, қазіргі уақытта абаттандыру жұмыстарына қатысып, аула сыпырушы қызметін атқаруда.
– Болған жағдайға қатты өкінемін. Осы төбелестен кейін мені университеттен шығарып жіберді. Сол кезде бір сәттік ойланбай жасаған әрекетім болашаққа құрған барлық жоспарымды өзгерткенін түсіндім. Егер эмоцияға берілмей, дер кезінде тоқтай алғанымда, өмірім мүлде басқаша болар еді. Қазір кез келген жанжалды күш қолданбай, сөз арқылы шешуге болатынын түсіндім. Бүгінде қоғамдық жұмыстарымды жауапкершілікпен атқарып, жасаған қателігімнен дұрыс қорытынды шығаруға және өмірімді жақсы жаққа өзгертуге тырысып жүрмін, – деді сотталған азамат.
Урджар ауданы пробация қызметі бөлімінің бастығы Бауржан Ерденбековтің айтуынша, көптеген қылмыс адамның өз эмоциясын басқара алмауынан және уақытында тоқтай білмеуінен болды.
– Тәжірибе көрсеткендей, көптеген құқық бұзушылықтар адамның эмоцияға беріліп, өз әрекетінің салдарын ойламауынан болады. Бірнеше минуттық ашу-ыза қылмыстық жауапкершілікке, соттылыққа, оқу немесе жұмысынан айырылуға әкеліп, адамның болашақ өміріне елеулі әсер етуі мүмкін. Пробация қызметінің міндеті – тек жазаның орындалуын бақылау ғана емес, сонымен қатар сотталған азаматтың жасаған әрекетінің салдарын түсінуіне, дұрыс қорытынды шығаруына және заңға бағынатын өмірге қайта оралуына көмектесу. Жастарды кез келген жанжалды бейбіт жолмен шешуге және ойланбай жасалған бір әрекет бүкіл өмірін өзгертуі мүмкін екенін есте сақтауға шақырамыз, – деді Урджар ауданы пробация қызметі бөлімінің бастығы Бауржан Ерденбеков.
