Қызылордада ҚАЖ қызметкерлеріне психологиялық қолдау көрсетілді
Қызылорда облысының Жастар ресурстық орталығында ҚАЖ департаменті қызметкерлеріне арналған "Өмірге жауапкершілік: психологиялық тұрақтылық және қаржылық сауаттылық" тақырыбында психологиялық ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараны "Сенімен Болашақ" республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының басшысы, психолог С. Сәтбайқызы, №19 қалалық кітапхана және Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №37 мекеменің психологы Замира Бостанова бірлесіп ұйымдастырды.
Кездесудің негізгі мақсаты – қызметкерлердің психологиялық тұрақтылығын нығайту, суицидтің алдын алу бағытында қауіп факторлары туралы түсінік қалыптастыру, қаржылық қиындықтардың адамның эмоционалдық жағдайына әсерін түсіндіру және күрделі кезеңдерде дер кезінде көмекке жүгіну мәдениетін қалыптастыру.
Кездесу барысында қатысушылар стресс көздерін анықтауға арналған интерактивті тапсырмаларға қатысып, қаржылық қиындықтардың психологиялық жағдайға ықпалын талқылады. Сондай-ақ "Қажеттілік пе, әлде қалау ма?" атты тәжірибелік тапсырма арқылы шығындарды тиімді жоспарлау мен қаржылық жауапкершіліктің маңыздылығы түсіндірілді.
Іс-шара соңында пікір алмасу ұйымдастырылып, қатысушылар психологиялық тұрақтылықты сақтау, қаржылық сауаттылықты арттыру және өмірлік қиындықтарды жалғыз еңсермей, дер кезінде қолдау іздеудің маңыздылығы туралы ой бөлісті.
