Көзге көрінбейтін, бірақ маңызды қызмет: мемлекеттік фельдъегерлердің жұмысы
Мемлекеттік органдардың үздіксіз әрі үйлесімді жұмысында көпшілік біле бермейтін, алайда стратегиялық маңызы зор қызмет бар. Ол – мемлекеттік маңызы бар құжаттар мен қызметтік хат-хабарлардың қауіпсіз әрі уақытылы жеткізілуін қамтамасыз ететін мемлекеттік фельдъегерлік қызмет, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл қызметтің қалыптасуы еліміздің тәуелсіздік тарихымен тығыз байланысты. 1991 жылдың желтоқсанында мемлекеттік фельдъегерлік қызмет құрылып, оның алғашқы құрылымдарының бірі Алматы қаласында жасақталды.
Бүгінде Алматы қаласы бойынша мемлекеттік фельдъегерлік қызмет басқармасы арнайы байланыс жүйесінің маңызды буындарының бірі саналады. Басқарма қызметкерлері күн сайын мемлекеттік органдар арасындағы қызметтік құжаттардың белгіленген мерзімде, толық сақталуын қамтамасыз ете отырып, сенімді жеткізілуіне жауап береді.
Қызметтің әр кезеңі нақты регламентке негізделген. Құжат қабылданған сәттен бастап тіркеу, тексеру, ресімдеу және адресатқа тапсыруға дейінгі барлық процесс үздіксіз бақылауда болады. Әрбір құжаттың бүтіндігі мен құпиялығы – қызметтің басты қағидаларының бірі.
Фельдъегер мамандығы жоғары кәсібилікті, темірдей тәртіпті және үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әрбір іссапар алдында қызметкерлер арнайы дайындықтан өтіп, қажетті рұқсат құжаттары мен арнайы жабдықтардың толық әзірлігі тексеріледі. Құжаттарды жеткізу бағытына қарай теміржол немесе әуе көлігі пайдаланылады.
Қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Олар тұрақты түрде психологиялық дайындықтан, дене шынықтыру және жауынгерлік даярлық сабақтарынан өтеді, төтенше жағдайларда әрекет ету алгоритмдерін пысықтайды. Мұндай кешенді дайындық кез келген жағдайда салқынқанды әрі кәсіби шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің күнделікті еңбегі көпшілік назарынан тыс қалғанымен, дәл осы құрылым мемлекеттік органдар арасындағы қорғалған құжат айналымының сенімді жұмысын қамтамасыз етеді. Дәлдік, тәртіп пен жауапкершілікке негізделген бұл қызмет – мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығы мен ұлттық қауіпсіздіктің маңызды тетіктерінің бірі.
