Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Әр іздің артында ақиқат бар: аға криминалистің кәсіби жолы

Қылмысты ашудағы ең маңызды дәлелдердің бірі – оқиға орнында қалған іздер. Сол іздерді ғылыми әдістермен зерттеп, қылмыстың мән-жайын анықтауға үлес қосатын мамандардың бірі – Құрманғазы аудандық полиция бөлімі жедел-криминалистика қызметі тобының аға криминалисті Амангелді Сатылғановтың қызметтегі жолы туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Амангелді Сатылғанов ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 2013 жылы бастаған. Осы уақыт ішінде ол жүздеген оқиға орнына шығып, қылмыстық құқық бұзушылықтарды ашуға бағытталған криминалистикалық жұмыстарға қатысып келеді.

Оның негізгі міндеті – оқиға орнын мұқият қарап-тексеру, айғақ заттарды анықтау, бекіту және алу, сондай-ақ түрлі сараптамаларға қажетті материалдарды жинақтап, дәлелдемелік базаны қалыптастыру.

Криминалист қызметі жоғары жауапкершілікті, ұқыптылықты және кәсіби шеберлікті талап етеді. Әрбір із, саусақ таңбасы немесе көзге байқалмайтын ұсақ бөлшек қылмыстың толық көрінісін қалпына келтіруге көмектесетін маңызды дәлел болуы мүмкін.

Сондықтан полиция қызметкері өз жұмысында заманауи криминалистикалық техникалар мен арнайы құралдарды тиімді пайдаланып, әрбір детальға ерекше мән береді. Оның кәсіби ұстанымы – оқиға орнында ешбір ізді назардан тыс қалдырмау.

Қызмет барысында жинақтаған тәжірибесі мен кәсіби біліктілігінің арқасында Амангелді Сатылғанов көптеген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жедел ашылуына өз үлесін қосып келеді.

Әрбір оқиға орнында дәлдік пен мұқияттылықты басты қағидаға айналдырған маман барлық әрекетінің заң талаптарына сай орындалуына ерекше көңіл бөледі.

Қызметтік міндетінен бөлек, тәртіп сақшысы жастар арасында құқық қорғау саласына қызығушылықты арттыруға да белсенді атсалысады. Құрманғазы аудандық полиция бөліміне танымдық экскурсиямен келетін мектеп оқушылары мен студенттерге криминалист мамандығының ерекшеліктерін таныстырып, арнайы техника мен құрал-жабдықтардың жұмыс істеу тәртібін көрсетеді.

Сонымен қатар оқиға орнын қарау кезінде қолданылатын криминалистикалық әдістер туралы айтып, жас буынға полиция қызметінің маңызын түсіндіреді. Мұндай кездесулер оқушылардың құқық қорғау саласына деген қызығушылығын арттырып, полиция мамандығы туралы түсінігін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Криминалист мамандығы көпшілікке көріне бермегенімен, оның еңбегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде және әділдіктің салтанат құруында маңызды рөл атқарады.

Осындай кәсіби мамандардың табанды еңбегі полиция қызметінің тиімділігін арттырып, қылмыстарды ашуға және азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға қызмет етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру