Ақиқат іздеу жолында: әрбір бөлшек дәлелге айналатын криминалист қызметі
Әрбір қылмыс өз ізін қалдырады. Қарапайым адамның көзіне байқала бермейтін сол іздер криминалист үшін оқиғаның мән-жайын қалпына келтіріп, тергеудің дұрыс бағытын айқындайтын маңызды дәлелге айналады. Полиция қызметкері Сындар Бақтыбаева қылмыстың шынайы көрінісін ашуға көмектесетін ең ұсақ бөлшектердің өзінен маңызды ақпарат таба біледі, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Сындар Бақтыбаева 2020-2024 жылдары Б. Бейсенов атындағы Қазақстан Республикасы ІІМ Қарағанды академиясында білім алып, сараптама-криминалистикалық қызметтің қыр-сырын жан-жақты меңгерді. 2024 жылы оқу орнын тәмамдағаннан кейін қызмет жолын бастап, теориялық білімін күнделікті тәжірибемен ұштастырып келеді.

Криминалистің жұмысы қашанда жеделдік пен дәлдікті талап етеді. Дабыл түскен сәттен бастап жедел-тергеу тобы оқиға орнына аттанады. Мұнда әрбір минуттың, тіпті әрбір секундтың маңызы зор.

Маманның негізгі міндеті – оқиға орнын мұқият қарап, оның жай-күйін дәл тіркеу, аяқ киім мен саусақ іздерін, микробөлшектерді және кейін сараптамалық зерттеудің негізгі нысанына айналатын өзге де заттай дәлелдемелерді анықтап, тәркілеу.
Сындар Бақтыбаеваның айтуынша, криминалистикада ұсақ-түйек деген ұғым жоқ. Саусақ ізі, көзге әрең байқалатын сызат немесе титтей ғана микробөлшек күрделі істің түйінін тарқатып, шындыққа жетелейтін шешуші дәлел болуы мүмкін.

Криминалист мамандығы жоғары жауапкершілікті, сабыр мен төзімділікті, асқан мұқияттылықты және терең кәсіби дайындықты талап етеді. Сындар Сабыржановнаның күнделікті қажырлы еңбегі қылмыстардың дер кезінде ашылуына, әділдіктің салтанат құруына және қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосылып жатқан маңызды үлес.
