Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көзге көрінбейтін еңбек: тергеуші қызметінің бір күні

Тергеуші – қылмыстың ізін анықтап қана қоймай, әрбір дерекке мұқият үңіліп, оқиғаның ақиқатын анықтауға ұмтылатын жауапты маман. Оның күнделікті еңбегі көп жағдайда сырт көзге байқала бермейді. Алайда әрбір істің артында адам тағдыры мен үлкен жауапкершілік тұрғанын ескерсек, бұл қызметтің маңызы айрықша. Тергеушінің қызметтегі бір күні туралы толығырақ Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Абай облысы полиция департаментінің тергеушісі Айбол Байқоңыров қызметтегі бір жұмыс күнін көрсетіп, мамандықтың қыр-сырымен бөлісті.

– Тергеушінің жұмыс күні сырттай қарағанда қалыпты көрінуі мүмкін. Алайда әр істің артында адам тағдыры, түрлі жағдайлар мен үлкен жауапкершілік жатыр. Сондықтан әрбір істі асықпай, жан-жақты қарап, барлық деректі мұқият зерделеу маңызды, – дейді полицей.

Оның айтуынша, жұмыс күні қылмыстық істерді зерделеуден, азаматтардан жауап алудан, қажетті тергеу әрекеттерін жүргізуден және дәлелдемелерді жинаудан басталады. Тергеу барысында алынған әрбір дерек өзара салыстырылып, оқиғаның мән-жайы жан-жақты сараланады.

Тергеуші үшін ең маңызды қағидалардың бірі – объективтілік. Қабылданатын шешім жеке пікірге емес, нақты деректер мен заң талаптарына негізделуі тиіс.

– Кейде істің шешімін табуға бір ғана маңызды деталь себеп болуы мүмкін. Сондықтан ешбір деректі назардан тыс қалдырмау керек, – дейді Айбол Мұхтарұлы.

Тергеуші қызметінде мұқияттылық пен сабырлылықтың да маңызы зор. Өйткені әрбір процессуалдық шешім заң талаптарына сәйкес қабылданып, жан-жақты негізделуі қажет.

– Бұл мамандық үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қабылдаған шешімің адамның тағдырына әсер етуі мүмкін екенін әрдайым сезінесің. Сондықтан әр қадамды бірнеше рет саралап, заң шеңберінде әрекет етуге тырысамыз, – дейді ол.

Кейде тергеушінің жұмысы кабинетте отырып, құжат толтырумен ғана шектеледі деген түсінік қалыптасуы мүмкін. Шын мәнінде, бұл – адамдармен тікелей жұмыс істеуді, оқиғаның әрбір бөлшегін саралауды, түрлі нұсқаларды қарастыруды және шындықты анықтау жолында табандылық танытуды талап ететін күрделі қызмет.

– Тергеуші үшін әрбір іс – жаңа жауапкершілік. Әр істің өз тарихы, өз ерекшелігі бар. Ең бастысы – болған жағдайды жан-жақты зерттеп, шындықты анықтау және заң талаптарын сақтау, – дейді полиция қызметкері.

Тергеушінің көзге көрінбейтін еңбегі – дәлелдің әр бөлшегін саралап, шындыққа бастайтын жолды табу. Ал бір істің артында кейде бірнеше сағаттық емес, күндер мен апталарға созылатын тынымсыз еңбек тұрады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру