Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда полицейлер отбасы мүшелерімен бірге спорттық шараға қатысты

Павлодарда "Заң және тәртіп" қағидатын ілгерілету және отбасылық құндылықтарды нығайту мақсатында полиция қызметкерлері жақындарымен бірге "Отбасы Fest" отбасылық жүгіру жарысына қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Спорттық шара қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, салауатты өмір салтын ұстанудың және отбасымен бірге белсенді уақыт өткізудің маңызын тағы бір мәрте көрсетті.

Полицейлер жарысқа қатысумен қатар, шара қонақтары мен қатысушыларына арналған танымдық викторина ұйымдастырды. Сұрақтар қауіпсіздік талаптарын сақтау, заңға құрметпен қарау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдағы жауапты мінез-құлық тақырыптарын қамтыды.

Әсіресе викторина балалардың қызығушылығын оятты. Жас қатысушылар сұрақтарға белсенді жауап беріп, өз білімдерін сынап қана қоймай, қауіпсіздік ережелеріне қатысты пайдалы ақпарат алды.

"Отбасы Fest" – ата-ана мен балаға бірге уақыт өткізіп, салауатты өмір салтын дәріптеуге және отбасылық дәстүрлерді қалыптастыруға мүмкіндік берген мазмұнды шара болды. Сонымен қатар қатысушыларға заң мен тәртіпті сақтаудың, қауіпсіздік талаптарын білудің маңыздылығы түсіндірілді.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай іс-шаралар отбасы мүшелерінің арасындағы өзара түсіністік пен қолдауды нығайтып қана қоймай, азаматтар мен полиция арасындағы сенімді қарым-қатынасты қалыптастыруға да ықпал етеді.

Аға инспектор-психолог Динара Жұмабек отбасылық форматтағы спорттық және танымдық шаралардың тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті.

– Мұндай іс-шаралар ата-аналар мен балаларға бірге уақыт өткізіп, бір-бірін жақсырақ түсінуге және қолдауға мүмкіндік береді. Спорттық жарыстар мен танымдық ойындарға бірге қатысу отбасылық байланысты нығайтып, жақсы дәстүрлердің қалыптасуына жол ашады. Сонымен қатар балалардың қауіпсіздік ережелерін ерте жастан меңгеруіне ықпал етеді. Осындай кездесулер арқылы азаматтардың полиция қызметкерлеріне деген сенімін де арттыра аламыз, – деді ол.

Спортты, отбасылық құндылықтарды және құқықтық мәдениетті ұштастырған "Отбасы Fest" шарасы қатысушыларға жақсы көңіл-күй сыйлап, қоғамдағы қауіпсіздік пен жауапкершіліктің ортақ құндылық екенін көрсетті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру