Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полиция Талдықорғанда интернет-алаяқтықтың алдын алу жұмыстарын күшейтті

Талдықорған қаласының полиция қызметкерлері интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Әсіресе алаяқтардың арбауына жиі түсетін егде жастағы азаматтарға ерекше көңіл бөлінуде.

Демалыс күндері қаланың орталық коммуналдық базарында ауқымды профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Полиция қызметкерлері тұрғындар мен базар келушілеріне интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері туралы түсіндіріп, қаржылық қауіпсіздіктің негізгі ережелерін еске салды.

Кездесу барысында банк және құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде қоңырау шалатын алаяқтардың әрекеттеріне, күмәнді сілтемелер арқылы жіберілетін хабарламаларға, SMS арқылы келген растау кодтарын айтуды талап етуге, сондай-ақ ақшаны "қауіпсіз шотқа" аударуды ұсынатын қоңырауларға ерекше назар аударылды.

Полиция азаматтарға банк картасының деректерін, құпиясөздер мен растау кодтарын бөгде адамдарға хабарламауды, күмәнді сілтемелерге өтпеуді және бейтаныс адамдардың нұсқауы бойынша ақша аудармауды ескертті.

Полиция ескертеді: егер сізге белгісіз адам қоңырау шалып, қандай да бір сылтаумен жеке деректеріңізді айтуды немесе ақша аударуды талап етсе, әңгімені дереу тоқтатып, банкке немесе тиісті ұйымға ресми байланыс арналары арқылы өзіңіз хабарласыңыз.

Қырағы болыңыз және егде жастағы жақындарыңызға интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері туралы үнемі айтып отырыңыз. Осындай қарапайым түсіндіру жұмыстарының өзі олардың жинаған қаражатын алаяқтардың қолына түсуден сақтауға көмектеседі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру