Абай облысында жол қозғалысын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар күшейтілді
Абай облысында қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы профилактикалық жұмыстар заманауи технологиялардың көмегімен күшейтілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін бақылау мақсатында дрондарды пайдаланып, әуеден мониторинг жүргізуде. Ұшқышсыз ұшу аппараты жолдағы жағдайды кең ауқымда бақылауға, қауіпті учаскелерді дер кезінде анықтауға және жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алуға мүмкіндік береді.
Әуеден бақылау барысында жүргізушілердің жол қозғалысы талаптарын сақтауына, соның ішінде қауіпсіздік белдігін тағуына, көлік құралын басқару кезінде ұялы телефон пайдаланбауына және белгіленген жол ережелерін бұзбауына ерекше назар аударылуда.
Мұндай профилактикалық шаралардың басты мақсаты — құқық бұзушылықты тіркеу ғана емес, ең алдымен оның алдын алу, жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру және жолдағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерді жолда барынша мұқият болуға шақырады. Рөлде отырған сәтте бір ғана секундқа телефонға алаңдау жүргізушінің назарын жолдан бұрып, орны толмас салдарға әкелуі мүмкін.
Сондықтан көлік тізгінінде — телефонға емес, жолға назар аударыңыз!
Қауіпсіздік — әр адамның жауапкершілігінен басталады. Ал заманауи технологиялар осы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған полиция жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
