Павлодарда жастарға есірткісіз өмірдің маңызы кеңінен түсіндірілді
Павлодардағы Ertis Promenade сахнасында мыңдаған қала тұрғындары мен қонақтарының басын қосқан ауқымды концерт өтті. Кештің хедлайнерлері – қазақ эстрадасының аңызы Роза Рымбаева, сондай-ақ танымал орындаушылар Raim және Sadraddin болды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жарқын концерттік бағдарлама көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, есте қаларлық әсер қалдырды. Іс-шара басталар алдында үлкен экрандарда есірткінің таралуына жол бермеуге бағытталған профилактикалық және ақпараттық-ағартушылық бейнероликтер көрсетілді.
Іс-шара аясында Павлодар облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің қызметкерлері ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Қала тұрғындары мен қонақтарына есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары, сондай-ақ оларды қолданудың ауыр медициналық және әлеуметтік зардаптары түсіндірілді. Әсіресе жастардың есірткінің заңсыз айналымына тартылуының алдын алуға, сондай-ақ өскелең ұрпақтың өз денсаулығы мен болашағына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға басымдық берілді.
Мұндай профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Олардың негізгі мақсаты – халықтың құқықтық және медициналық сауаттылығын арттыру, есірткі құралдарының таралуына жол бермеу және қоғамда есірткі тұтынуға деген тұрақты теріс көзқарас қалыптастыру.
Осылайша, ауқымды концерт тек музыкалық мереке ғана емес, сонымен қатар денсаулық, қауіпсіздік және өз болашағына жауапкершілікпен қарау жөніндегі маңызды қоғамдық пікір алаңына айналды.
