Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанайда дрондар жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін анықтауға мүмкіндік беруде

Бүгінде ұшқышсыз ұшу аппараттары жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде полицияның тиімді құралдарының біріне айналып келеді. Әуеден бақылау жүргізу арқылы полицейлер жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін қауіпті құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, олардың алдын алуға мүмкіндік алады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қостанайда жыл басынан бері ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен полиция қызметкерлері жол жүрісі қағидаларын бұзудың 1500-ден астам дерегін анықтады.

Полицияның назарына ең алдымен, адам өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін құқық бұзушылықтар ілігеді. Олардың қатарында жаяу жүргіншіге жол бермеу, қарсы қозғалыс жолағына шығу, бағдаршамның тыйым салатын сигналына өту, сондай-ақ тыйым салынған жерлерде басып озу сияқты әрекеттер бар.

Ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану жолдағы ахуалды биіктен бақылауға мүмкіндік береді. Бұл – кәдімгі патрульдеу барысында байқалмай қалуы мүмкін құқық бұзушылықтарды анықтап, оларды дер кезінде тіркеуге жол ашады.

Алайда атқарылып жатқан жұмыстың басты мақсаты – анықталған құқық бұзушылықтардың санын көбейту емес. Өйткені әрбір ереже бұзудың артында адам өмірі мен қауіпсіздігі тұр.

Қарсы қозғалыс жолағына бір сәтке шығу, бағдаршамның қызыл түсіне өту немесе жаяу жүргіншіге жол бермеу санаулы секунд ішінде орны толмас қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.

Сондықтан дрондар – тек бақылау құралы емес, жолдағы қауіптің алдын алуға мүмкіндік беретін заманауи технология. Әуеден бақылау полицияға жол қозғалысы жағдайын кеңінен қамтуға, қауіпті әрекеттерге жедел ден қоюға және барлық қозғалыс қатысушылары үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға көмектеседі.

Полиция ескертеді: Жол жүрісі қағидаларын сақтау – жай ғана заң талабы емес. Бұл – өз өміріңіз бен айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігіне деген жауапкершілік.
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру