Павлодар облысында алкогольге қарсы заңнаманы бұзған сауда нүктелерінің иелері жауапқа тартылды
Павлодар облысында алкогольге қарсы заңнаманы бұзған сауда нүктелерінің иелері жауапқа тартылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Құқық бұзушылықтардың, оның ішінде алкогольдік масаң күйде жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында Павлодар облысының полицейлері алкогольге қарсы заңнама талаптарының бұзылуын анықтауға бағытталған профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде жүргізіп келеді.
Бүгінгі таңда қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішкені және алкогольдік масаң күйде болғаны үшін полицейлер 7634 фактіні анықтады. Сонымен қатар 375 сауда нүктесінің иесі алкоголь өнімдерін белгіленбеген уақытта сатқаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Мәселен, түнгі рейд барысында Павлодар қаласының полицейлері М. Горький көшесіндегі дүкендердің бірінен алкогольге қарсы заңнама талаптарының бұзылғанын анықтады.
Белгіленбеген уақытта дүкен сатушысы ер адамға бір бөтелке коньяк сатқан.
Сауда нүктесінің иесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Материал шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Полицейлер облыс тұрғындарына алкоголь өнімдерін заңсыз сатудың алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы талаптарының бұзылғаны туралы полицияға “102” нөмірі арқылы хабарлауды сұрайды.
