Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды

Алматыда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов қаладағы аудандық полиция бөлімшелеріне жұмыс сапарларын жалғастыруда. Бұл жолы ол Наурызбай аудандық полиция басқармасына барып, басқарма басшылығымен жұмыс кеңесін өткізді.

Жиында ауданның криминогендік ахуалы, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Наурызбай ауданы – Алматыдағы қарқынды дамып келе жатқан аумақтардың бірі. Мұнда тұрғын алаптары кеңейіп, халық саны артып, жаңа қалалық инфрақұрылым қалыптасуда. Осыған байланысты департамент бастығы полиция жұмысы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және туындаған мәселелерге дер кезінде ден қоюға барынша бағытталуы қажет екенін атап өтті.

— Дамып, халық тығыз қоныстанып келе жатқан ауданда профилактика жұмысы негізгі бағыттардың бірі болуы тиіс. Ұсақ құқық бұзушылықтарға немқұрайлы қарауға болмайды. Өйткені кей жағдайда елеусіз көрінетін осындай әрекеттердің соңы анағұрлым күрделі мәселеге ұласуы мүмкін. Басшылар өз аумағындағы жағдайды жақсы білуі, проблемалы учаскелерді анықтап, жағдай ушығардың алдын алып, тиісті шараларды дер кезінде қабылдауы керек, – деп атап өтті Айдын Кабдулдинов.

Жұмыс сапары барысында халықпен кері байланыс орнату мәселесіне де ерекше назар аударылды. Департамент бастығы Наурызбай аудандық полиция басқармасының полиция сервистік орталығының жұмысымен танысты. Мұнда азаматтарға мемлекеттік қызметтер көрсетіледі. Қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету, сондай-ақ әрбір азаматтың өтінішіне мұқият қарау қажеттігі атап өтілді.

Жұмыс сапарының келесі бағыты салынып жатқан метро станциясы болды. Айдын Кабдулдинов нысандағы қауіпсіздікті ұйымдастыру барысымен танысып, жаңа полиция пунктін аралады. Сондай-ақ жауапты қызметкерлермен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

Метрополитеннің одан әрі дамып, жаңа станциялардың іске қосылуына байланысты қауіпсіздік мәселелері инфрақұрылымды қалыптастыру кезеңінің өзінде ескерілуі тиіс екеніне ерекше назар аударылды.

Алматы қаласы полиция департаменті басшылығының аудандық бөлімшелерге жұмыс сапарлары жалғасуда. Оның негізгі мақсаты – жағдайды тікелей жерде бағалау, бөлімше басшыларына нақты міндеттер қою және қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық жұмысты күшейту.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру