Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тілі бірдің — тілегі бір

Ұлты өзге болғанымен, жүрегіне қазақ тілін жақын тұтып, оны күнделікті өмірі мен қызметінде еркін қолданатын жандар аз емес. Солардың бірі – Астана қаласы полиция департаменті Есіл ауданы полиция басқармасының тергеушісі Павел Тен. Қызылордада қазақы ортада өсіп, мемлекеттік тілді бала күнінен бойына сіңірген ол бүгінде құқық қорғау саласында ел игілігі жолында абыройлы қызмет атқарып келеді, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Ұлты қазақ болмаса да, Павел қазақ тілінде еркін сөйлейді. Оның мемлекеттік тілге деген жақындығы бала кезінен қалыптасқан. Ол Қызылорда қаласында дүниеге келіп, қазақы ортада өсті. Отбасында да күнделікті қарым-қатынас қазақ тілінде қалыптасқан. Сондықтан қазақ тілі Павел үшін кейіннен үйренген тіл емес, бала күнінен естіп, сөйлеп өскен етене жақын тіл.

Павелдің полиция саласын таңдауы да отбасылық дәстүрмен сабақтас. Ағасы да полиция қызметкері. Осылайша құқық қорғау салындағы қызмет отбасы үшін елге қызмет етудің, жауапкершілік пен тәртіптің өзіндік үлгісіне айналған.

2018 жылдан бері ішкі істер органдарында қызмет атқарып келе жатқан Павел Тен бүгінде тергеуші ретінде абыройлы еңбек етіп жүр. Оның қызметі адамдардың тағдырымен, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаумен тікелей байланысты.

Күн сайын түрлі адамдармен кездесіп, олардың мәселесін тыңдайтын тергеуші үшін тіл білу – кәсіби қызметтің маңызды қыры. Павел қазақ тілін еркін меңгергендіктен, азаматтармен мемлекеттік тілде еркін сөйлесіп, қызметтік міндеттерін атқарады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру