Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісуда полиция қызметкері Дархан Барғанаевты еске алуға арналған шағын футболдан турнир өтті

Жетісу облысында күш құрылымдарының қызметкерлері арасында полиция лейтенанты, II дәрежелі “Айбын” орденінің иегері Дархан Барғанаевты еске алуға арналған шағын футболдан турнир өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Спорттық додаға барлығы 22 команда қатысты. Алаңда Жетісу облысы полиция департаментінің, әскери бөлімдердің, Ұлттық ұланның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, мамандандырылған күзет қызметінің, сондай-ақ қалалық және аудандық полиция бөлімшелерінің қызметкерлері бақ сынады.

Турнир спорттық бәсекемен қатар, қызметтік борышын абыроймен атқарып, ерлік көрсеткен әріптестің рухына тағзым ету мақсатында ұйымдастырылды.

Қатысушылар жоғары дайындық деңгейін, ұйымшылдық пен командалық рухты көрсетті.

Жарыс қорытындысы бойынша үздік ойыншылар “Үздік қақпашы”, “Үздік шабуылшы” және “Үздік қорғаушы” номинациялары бойынша анықталды.

Командалық есепте I орынды – Жетісу облысы полиция департаментінің командасы, II орынды – Жетісу облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының командасы, III орынды – Ескелді аудандық полиция бөлімінің командасы иеленді.

Жарысқа белсенді қатысқан өзге де командалар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар, естелік медальдар мен грамоталар табысталды.

Мұндай спорттық іс-шаралар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасындағы бірлік пен өзара қолдауды нығайтып, командалық рухты арттыруға, сондай-ақ елге қызмет ету жолында ерлік көрсеткен әріптестердің есімін ұлықтауға бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру