Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда жоғалған жеті жасар бала көліктен табылды

Павлодар облысының полиция департаментіне Павлодар қаласының тұрғынынан Солтүстік полиция бөлімінің қызметкерлеріне алғыс білдірген хат келіп түсті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Әйелдің айтуынша, оның жеті жасар ұлы аулаға ойнауға шыққан, алайда біраз уақыттан кейін үйіне оралмаған. Алаңдаған ана полицияға жүгінген соң, баланы іздеуге кезекші және жедел-тергеу топтарының қызметкерлері дереу жұмылдырылды.

Іздеу жұмыстарына Солтүстік полиция бөлімінің жедел уәкілі Рустам Сатвалдин мен кезекші көмекшісі Айдар Ержанов тікелей қатысты. Үш сағатқа созылған іздеу нәтижесінде бала аман-есен табылды.

Белгілі болғандай, ойын кезінде бала аулада тұрған ашық көлікке кіріп, шаршағаннан кейін ұйықтап қалған.

Баланың анасы полиция бөлімінің басшылығы мен жеке құрамына жеделдігі, үйлесімді жұмысы және жағдайға жауапкершілікпен қарағаны үшін алғысын білдірді.

– Солтүстік полиция бөлімінің басшылығы мен барлық қызметкерлеріне ұлымды тез арада табуға көмектескендері үшін алғыс айтамын. Сіздердің жедел жұмыстарыңыздың арқасында балам қысқа уақытта табылды. Барша полиция қызметкерлеріне зор денсаулық, отбасылық бақыт, амандық және қызметтеріңізге табыс тілеймін! – деді баланың анасы.

Полиция ата-аналарға балаларын үнемі бақылауда ұстап, қауіпсіздік ережелерін түсіндіруді ескертеді. Баланың қайда жүргенін біліп, тіпті ойын кезінде де оны қараусыз қалдырмау маңызды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру