Абай облысында полиция 200 оқушыға қауіпсіздік сабағын өтті
Семей қаласындағы №51 жалпы білім беретін мектепте оқушылардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, құқықтық сауатын арттыруға және есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған арнайы қауіпсіздік сабағы өтті, — дер хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға 200-ден астам оқушы қатысып, жасөспірімдер арасында қауіпсіз мінез-құлық қағидаларын түсіндіруге бағытталған маңызды ақпараттармен танысты.
Кездесуге Абай облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Абылғазинов Берикжан қатысып, оқушылармен ашық форматта әңгімелесті.
Сабақ барысында жасөспірімдерге есірткі заттарының адам денсаулығы мен болашағына тигізетін кері әсері, заң талаптары, құқық бұзушылықтардың алдын алу, күмәнді жағдайларда дұрыс шешім қабылдау және өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау мәселелері түсіндірілді.
Полиция өкілі оқушылардың назарын әсіресе есірткі заттарын таратуға байланысты интернеттегі заңсыз ұсыныстар мен арандатушылық сипаттағы хабарламаларға сақтықпен қарау қажеттігіне аударды.
Жасөспірімдерге бейтаныс адамдардың ұсыныстарына сенбеу, күмәнді сілтемелер мен хабарламаларға жауап бермеу және заңға қайшы әрекеттерге бармау жөнінде нақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
— Қауіпсіздік – тек полицияның немесе ата-ананың міндеті емес. Әр адам ең алдымен өз әрекетіне жауап бере білуі керек. Әсіресе жасөспірім кезеңінде кез келген ұсынысқа ойланып қарау, дұрыс пен бұрысты ажырата білу және күмәнді жағдайдан дер кезінде бас тарту – маңызды дағды. Бір сәттік қателіктің салдары адамның бүкіл болашағына әсер етуі мүмкін, — деп атап өтті Берикжан Абылғазинов.
Сонымен қатар оқушыларға құқық бұзушылықтың алдын алу тек жазадан қорқумен шектелмейтіні, ең бастысы – құқықтық сауаттылық пен саналы таңдау екені түсіндірілді. Жасөспірімдер өз құқықтары мен міндеттерін білу арқылы қауіпті жағдайлардың алдын алып, өздерін және айналасындағы адамдарды қорғауға үлес қоса алады.
