Қарағандыда колледж студенттері полиция тарихымен танысты
Қарағанды облысы полиция департаментінің еңбек және жауынгерлік даңқ тарихы музейінде “Болашақ” колледжінің бірінші курс студенттері үшін тағылымды кездесу өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Болашақ педагогтар полицияның қалыптасу тарихымен танысып, ішкі істер органдары ардагерінің құнды еңбегін тамашалады.
Іс-шараны колледж әкімшілігі полиция қызметкерлері мен облыс әкімі аппараты жанындағы жастар ресурстық орталығымен бірлесіп ұйымдастырды.
Кездесу барысында ішкі істер органдарының ардагері Ерік Қуанышбеков Жаңаарқа ауданы полициясының қалыптасу тарихына арналған кітабын музей қорына табыс етті. Бірнеше жыл бойы дайындалған еңбекте аудан полициясының қалыптасу кезеңдері мен қызмет атқарған азаматтар туралы құнды деректер жинақталған.
Кітапты әзірлеу барысында авторға сирек кездесетін мұрағаттық материалдарды жинақтауда Қарағанды облысы ПД мұрағатының аға инспекторы Ольга Нестеренко, музей басшысы Айжамал Айтжанова, сондай-ақ Қарағанды облысы ПД кадр саясаты басқармасы бастығының орынбасары Құралай Бекетаева қолдау көрсетті.
ІІО ардагері студенттерге өз тәжірибесімен бөлісіп, ақжолтай тілегін білдірді. Жастарды білім алуға, елге адал қызмет етуге және қоғамға пайдасы тиетін азамат болуға шақырды.
Кездесудің келесі бөлігінде музей басшысы Айжамал Айтжанова студенттерге арнайы экскурсия жүргізді. Жастар өңірдегі полиция қызметінің қалыптасуы мен даму кезеңдері туралы мағлұмат алып, қызметтік борышын орындау кезінде ерлікпен қаза тапқан тәртіп сақшыларының тағдырымен танысты.
Музейдегі әрбір жәдігер мен тарихи дерек өткен мен бүгінді жалғап, жас ұрпаққа ел тыныштығын күзеткен азаматтардың еңбегін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Экскурсия барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, полиция қызметінің тарихына қатысты тың деректерге қанықты.
Мұндай кездесулер – тарихты танытудың ғана емес, өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен ел алдындағы жауапкершілік сезімін қалыптастырудың маңызды тетігі.
Іс-шара соңында “Болашақ” колледжінің студенттері мен оқытушылары жылы қабылдау көрсеткен Қарағанды облысы полиция департаментінің басшылығына алғыстарын білдірді. Олар тәртіп сақшыларының ерлігі мен қызмет жолы туралы тағылымды кездесулердің жастар тәрбиесіндегі маңызы зор екенін атап өтті.
