Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да "Жас сақшы" сыныбының оқушылары полиция жұмысымен танысты

СҚО Мағжан Жұмабаев ауданындағы полиция бағытындағы "Жас сақшы" сыныптарының 45 оқушысы Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментіне барып, полиция қызметінің ерекшеліктерімен танысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Балалар үшін департаментте ашық есік күні ұйымдастырылды.

Оқушылар алдымен жедел басқару орталығының жұмысын көрді. Мұнда "102" арнасына келіп түсетін қоңырауларды қабылдау және полиция жасақтарын оқиға орнына бағыттау тәртібі көрсетілді.

Департамент мұражайында жас сақшылар ішкі істер органдарының тарихымен танысып, қызмет барысында көзге түскен полицейлердің жеке заттарын, қылмыс құралдарын және басқа да құнды жәдігерлерді тамашалады.

Кинологиялық қызмет орталығында оқушылар қызметтік иттерді үйрету тәсілдері туралы мағлұмат алды. Сондай-ақ қалалық патрульдік полиция батальонының кавалериялық бөлімшесінің жұмысымен танысты.

Мағжан Жұмабаев ауданында "Жас сақшы" жобасы аясында үш жаңа сыныптың құрылғанына небәрі екі апта болған. Осы уақыт ішінде оқушылар жол жүрісі қағидалары бойынша білімдерін жетілдіріп, аудандық полиция бөліміне барды. Оларға заманауи полиция техникасы, криминалист мамандығы және арнайы құрал-жабдықтар таныстырылды.

Жоба аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Жас сақшылар салтанатты ант қабылдап, "ARLAN" спорт клубының базасында жаттығуға мүмкіндік беретін клуб мүшелерінің карточкаларын алады. Сонымен қатар полиция қызметкерлерімен практикалық сабақтар өткізіліп, полиция ардагерлерімен кездесулер ұйымдастырылады.

"Жас сақшы" жобасы балаларға полиция қызметінің ерекшеліктерін таныстырып қана қоймай, оларды жауапкершілікке, тәртіпке және өзара қолдауға баулиды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру