Қызылорда облысында білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік деңгейін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде
Қызылорда облысында білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік деңгейін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы полиция департаментінің жедел басқару орталығы мен мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкерлері өңірдегі білім беру ұйымдарында қауіпсіздік талаптарының сақталуына зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Бүгінде облыстағы барлық білім беру ұйымдары бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған. Бейнекамералардың бір бөлігі жедел басқару орталықтарына тікелей қосылған. Сонымен қатар мектептерде шұғыл жағдай кезінде полицияға жедел хабар беруге мүмкіндік беретін дабыл батырмалары орнатылған.
Қызылорда облысы бойынша 326 мектептің 313-і, 651 балабақшаның 265-і, 28 колледждің 26-сы дабыл батырмалары арқылы жедел басқару орталықтарына қосылған.
Қалған білім беру ұйымдарын толықтай қосу бағытындағы жұмыстар облыстық Білім басқармасымен бірлесіп жүргізілуде.
Зерделеу барысында білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуы жан-жақты тексерілді. Атап айтқанда, ғимараттарға кіріп-шығу жолдарының жай-күйі, бейнебақылау жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуі, күзет және өткізу режимінің ұйымдастырылуы, эвакуациялық жолдардың қолжетімділігі, сондай-ақ дабыл беру құрылғыларымен қамтамасыз етілуі назарға алынды.
Полиция қызметкерлері балалардың мектепке қауіпсіз жетуін қамтамасыз ету мақсатында білім беру ұйымдарына жақын аумақтардағы жол қозғалысын тұрақты бақылауда ұстайды. Әсіресе жаяу жүргіншілер өткелдері мен мектеп маңындағы жол учаскелеріндегі қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінуде.
Балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау, білім беру нысандарында қауіпсіз орта қалыптастыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу – полиция қызметінің негізгі бағыттарының бірі.
Қауіпсіздік шараларын жетілдіру және білім беру ұйымдарының қорғалу деңгейін арттыру бойынша жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.
