Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда жастар арасында есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған іс-шара өтті

Қарағанды қаласындағы Достық үйінде жастар арасында есірткі қылмыстарының алдын алуға бағытталған ауқымды профилактикалық іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шараның басты мақсаты – жасөспірімдер мен жастарға есірткінің адам өмірі мен денсаулығына тигізетін зиянын түсіндіру, есірткі қылмысына қатысты заң талаптары мен жауапкершілік жөнінде ақпарат беру, сондай-ақ жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау.

Жастар – елдің болашағы. Сондықтан жас ұрпақтың қауіпсіздігі мен салауатты өмір салтын қалыптастыру – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі.

Бүгінде қоғамдық қауіпсіздік тек құқық бұзушылықты анықтаумен шектелмейді. Нағыз профилактика – қауіптің алдын алудан, жастардың саналы таңдау жасауына бағыт-бағдар беруден басталады. Өйткені әрбір дұрыс таңдау – жарқын болашаққа бастар қадам.

– Жастар – елдің болашағы. Бұл шараны өткізудегі басты мақсатымыз – сіздердің үндеріңізді есту, көзқарастарыңызды тыңдау және есірткі қылмысының алдын алуға бірге атсалысу. Жастардың белсенділігі мен азаматтық ұстанымы қоғам үшін аса маңызды, – деді Қарағанды қаласы полиция басқармасының бастығы Шахназар Салин.

Іс-шара аясында жастар арасында есірткі қылмыстарының алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған үздік профилактикалық бейнероликтер байқауы ұйымдастырылды.

Байқауға қатысушылар шығармашылық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қоғам үшін маңызды тақырыпты бейнероликтер арқылы жеткізді. Жастар өз жұмыстарында есірткінің адам өміріне тигізер кері әсерін көрсетіп, құрдастарын салауатты өмір салтын таңдауға, өз болашағына жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Шығармашылық үлесі, өзіндік ерекшелігі және әлеуметтік маңызы зор профилактикалық бейнеролик әзірлеуге белсенді қатысқаны үшін үздік жұмыстардың авторлары марапатталды.
Әділ қазылар шешімімен байқау қорытындысы бойынша III орын – Амангелді Арданаға бұйырса, II орынды Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенті Анастасия Франковская иеленді. Ал жүлделі I орынды Қарағанды қаласының мектеп оқушысы Райана Рафкат қанжығасына байлап қайтты. Байқауға қатысқан барлық қатысушы бағалы сыйлықтармен, алғыс хаттармен марапатталып, оларға гүл шоқтары ұсынылды.

Полиция жастар арасында қауіпсіз орта қалыптастыру және есірткі қылмыстарының алдын алу бағытында ата-аналармен, білім беру ұйымдарымен және қоғам өкілдерімен бірлескен профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді.

Есірткісіз қоғам құру – бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Ал жарқын болашаққа бастар жол әр адамның бүгін жасаған саналы таңдауынан басталады. Бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру