Қарағандыда ұйымға ұрлыққа түскен үш адам қолға түсті
Қарағандыда полиция қызметкерлері ұйымның есігін бұзып кіріп, ақша ұрлады деген күдікпен үш адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен айдың ортасында Қазыбек би атындағы полиция басқармасына 44 жастағы қарағанды тұрғыны жүгініп, белгісіз адамдардың ұйымның есігін бұзып кіріп, ақша ұрлап кеткенін хабарлаған.
Жедел тергеу іс-шаралары барысында полицейлер бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеген. Кадрлардан күдіктілердің бет-жүзі анық көрініп, бұл олардың жеке басын және орналасқан жерін анықтауға мүмкіндік берген.
Криминалдық полиция қызметкерлері арнайы мақсаттағы бөлімше қызметкерлерімен бірлесіп, күдіктілерді тұрғылықты мекенжайлары бойынша бір мезетте ұстады. Ұсталғандар – 32, 25 және 21 жастағы Қарағанды қаласының тұрғындары.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Полицейлер ұсталғандардың облыс аумағында жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Олардың заңға қайшы әрекеттерінің барлық ықтимал эпизодтары анықталуда.
