Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда 68 гаджет заңды иелеріне қайтарылды

Павлодарда 68 гаджет заңды иелеріне қайтарылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Телефондар күнделікті қарапайым міндеттерді орындау үшін де қажетті құралға әлдеқашан айналды. Алайда мұндай құрылғының болуы оның сақталуына жауапкершілікпен қарауды талап етеді.

Мәселен, полицияға бір бойжеткен жүгініп, өзіне тиесілі iPhone Pro телефонының ұрланғанын хабарлаған.

— Мен қалалық жағажайға келіп, телефонды жаныма қойып, спортпен және медитациямен айналыстым. Біраз уақыттан кейін телефонымның жоғалғанын байқадым. Оны небәрі бір ай бұрын сатып алған едім, — дейді арызданушы.

Қазіргі уақытта аталған қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.

Жыл басынан бері облыс аумағында телефон ұрлаудың 85 дерегі тіркелді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 68 телефон заңды иелеріне қайтарылды.

Телефоныңыз ұрылардың олжасына айналмауы үшін полиция қызметкерлері азаматтарды қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады: телефондарыңызды, ақшаңызды және бағалы заттарыңызды сыртқы қалталарда ұстамаңыз. Ұялы телефондарды қараусыз қалдырмаңыз және "шұғыл қоңырау шалу қажет" деген сылтаумен бейтаныс адамдарға бермеңіз.

Көңіл көтеру орындарында телефонды үстелге немесе сөреге қойып, оны тіпті бірнеше минутқа да қараусыз қалдырмаған жөн. Мүмкіндігінше көшеде немесе бейтаныс адамдардың ортасында қымбат құрылғыларды көпшілікке көрсетпеуге тырысыңыз.

Көбінесе қаскөйлердің құрбаны өңірдегі кәмелетке толмағандар да болады. Олар көшеде ұялы телефонынан музыка тыңдап, гаджетте ойын ойнап жүріп, өз мүлкін байқамай көрсетіп қояды.
Полиция ата-аналарға балаларымен профилактикалық әңгіме жүргізіп, мобильді құрылғыларды сөмкеге немесе рюкзакқа салып жүру керектігін түсіндіруді ұсынады.

Сондай-ақ полиция азаматтардың назарын қараусыз қалған бөтен телефонды немесе өзге де осындай гаджетті иемдену қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынына аударады. Бөтен мүлікті тауып алған адам оны заңды иесіне қайтаруға міндетті. Ал мүлік иесін өз бетінше табу мүмкін болмаған жағдайда, иесін іздеуге полиция қызметкерлері көмектеседі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру