Көлік полицейлері аға буын өкілдеріне құрмет көрсетті
Халықаралық қарттар күні аясында көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері аға буын өкілдерін мерекемен құттықтап, оларға зор алғысы мен шексіз құрметін білдірді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Мерекелік күнге орай көлік полицейлері Қосшы қаласында орналасқан “Мирас” қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барды.
Кездесу барысында олар орталық тұрғындарын мерекемен құттықтап, естелік сыйлықтар табыс етті.
Жүздесу өте жылы шырайлы жағдайда өтті. Тәртіп сақшылары қариялармен емен-жарқын әңгімелесіп, оларға шын жүректен денсаулық, ұзақ ғұмыр және береке-бірлік тіледі.

Жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасының бөлім бастығы Ғабит Сейтімбетов Халықаралық қарттар күні аға буынға, олардың өмірлік тәжірибесі мен даналығына деген құрметтің маңызын еске салатын ерекше күн екенін атап өтті.
— Сіздерге тағзым ету — біздің бұлжымас парызымыз, сондай-ақ сіздердің орасан зор еңбектеріңіз бен сарқылмас өмірлік қуаттарыңызға деген шынайы құрметіміздің белгісі. Көліктегі полиция департаменті қызметкерлері үшін азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету — қызметтік міндеттің жалғыз бағыты емес. Сонымен қатар қоғамдық өмірге белсене араласу, ерекше назар аударуды қажет ететін жандарға қолдау көрсету, сондай-ақ сыйластық, мейірімділік пен өзара көмек сияқты құндылықтарды дәріптеу де біз үшін өте маңызды, — деді ол.
Орталық тұрғындары өздеріне көрсетілген ілтипат, сыйлықтар мен жылы лебіздер үшін полицейлерге шын жүректен алғыстарын білдірді.

