Қарағанды облысында полицейлер адам өмірін сақтап қалды
Приозерскіде полицейлер қайғылы жағдайдың алдын алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлерінің шұғыл әрі үйлесімді әрекетінің арқасында 24 жастағы жергілікті тұрғын аман қалды.
Кезекші бөлімге тұрғын үйлердің бірінің маңында жас жігіттің өзіне-өзі қол жұмсамақ болғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына учаскелік полиция инспекторлары Азат Абдихаликов, Елдос Абуев және Дархан Мырзабек дереу жедел шықты.
Мекенжайға жеткен полицейлер дереу азаматты қауіптен арашалап, алғашқы медициналық көмек көрсете бастаған. Полицейлердің жедел әрекетінің арқасында жас жігіт жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін есін жиды. Медициналық қызметкерлер оны ауруханаға жеткізді.
Кейін жас жігіт мұндай қадамға өмірінде қордаланған қиындықтар мен тығырықтан шығатын жол таппағандай сезім себеп болғанын айтқан.
Есін жиған соң ол полицейлерге өмірін сақтап қалғаны үшін шынайы алғысын білдірді. Оның айтуынша, сол сәтте барлық жол жабық сияқты көрінген. Алайда дер кезінде жеткен полиция қызметкерлерінің бірнеше секунд ішінде қабылдаған шешімі қайғылы жағдайдың алдын алды.
