Бала күнгі арманын мамандығына айналдырған полиция офицері
Бала күнінде полиция қызметкері болуды армандаған Роза Каргинаның балалық арманы жылдар өте өмірлік мақсатына айналды. Бүгінде полиция подполковнигі Роза Каргина Астана қаласы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасында аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкіл қызметін атқарып келеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оның ішкі істер органдарындағы еңбек өтілі биыл 22 жылға толды. 2004 жылы қызметке келген офицер бүгінде жедел қызметтің қыр-сырын жетік меңгерген тәжірибелі офицерге айналды.
Жедел қызмет уақытпен санаспайды. Әрбір қоңырау мен қабылданған шешімнің артында адам тағдыры тұруы мүмкін. Сондықтан бұл сала кәсіби біліммен қатар сабырлылықты, қырағылықты, батылдық пен жоғары жауапкершілікті талап етеді. Роза Каргина үшін жылдар бойы өзгерген қызмет талаптары мен дамыған технологияларға қарамастан, полиция қызметіне деген бала күнгі қызығушылығы мен таңдаған мамандығына адалдығы өзгерген емес.
Қызметте жинақы, талапшыл әрі жауапкершілігі жоғары офицер болса, үйде үш ұлдың анасы. Полициядағы күрделі жұмыс пен отбасы арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырысатын Роза жақындарымен бірге өткізген уақытты ерекше бағалайды.
Табиғат аясында отбасымен серуендеу, әңгімелесу, бірге уақыт өткізу — оның сүйікті демалыстарының бірі. Сонымен қатар сурет салғанды, өлең айтқанды және отбасы үшін ас әзірлегенді ұнатады. Қылқалам мен бояу арқылы көңіл-күйі мен ішкі сезімін жеткізеді.
Полиция саласындағы 22 жыл — Роза Каргина үшін жай ғана еңбек өтілі емес. Бұл — жауапты шешімдер, тынымсыз қызмет, жинақталған тәжірибе және таңдаған мамандығына деген адалдықпен өткен жылдар. Оның еңбек жолы бала күнгі арманның табандылық пен еңбек арқылы өмірлік мақсатқа айналатынын көрсетеді.
