Атырауда түнгі тыныштықты бұзған 2 700-ге жуық адам жауапқа тартылды
Атырауда түнгі тыныштықты бұзған 2 700-ге жуық адам жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Түнгі тыныштықты сақтау – ортақ жауапкершілік. Сағат 22:00-ден кейін қатты музыка қою, шу шығару және азаматтардың тыныштығын бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
Атырау облысында жыл басынан бері түнгі тыныштықты бұзудың 2 656 дерегі тіркелді. Оның ішінде 57 жағдайда түнгі уақытта тыныштықты бұза отырып, көлік құралын басқару фактісі анықталды.
Сонымен қатар бір тәулік ішінде полиция қызметкерлері түнгі уақытта тыныштықты бұзудың 18 дерегін анықтады.
Мәселен, 2 қазанға қараған түні сағат 00:20 шамасында Авангард-2 шағын ауданындағы тұрғын үйлердің бірінде 1991 жылы туған әйел қатты музыка қойып, айналадағы тұрғындардың тыныштығын бұзған. Осыған ұқсас жағдай сағат 02:55 шамасында Исатай Тайманов көшесіндегі пәтерлердің бірінде тіркелді. 2006 жылы туған ер адам түнгі тыныштықты бұзып, шу шығарған.
Аталған деректер бойынша құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік шаралар қабылданды.
Полиция азаматтарды түнгі уақытта тыныштықты сақтауға, көршілердің демалуына кедергі келтіретін әрекеттерге жол бермеуге шақырады.
Түнгі уақытта тыныштықтың бұзылғанына куә болсаңыз, полицияға 102 нөмірі арқылы хабарлауға болады.
