Ақтөбе облысында отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу күшейтілді
Ақтөбе облысында полиция отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуды күшейтіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жанжалдарға жол бермеу және қиын жағдайға тап болған азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Жыл басынан бері полицияға отбасылық-тұрмыстық жанжалдарға қатысты 4 700-ден астам өтініш келіп түскен. Оның ішінде 187 жағдайда әйелдер полициядан бірнеше рет көмек сұраған. Әрбір өтініш бойынша тиісті тексеру жүргізіліп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылдануда.
Отбасылық жанжалға және құқыққа қайшы әрекеттерге бейім азаматтарға профилактикалық жұмысқа ерекше көңіл бөлінеді. Жыл басынан бері 3 900-ден астам азаматқа қатысты қорғау нұсқамалары шығарылған. Учаскелік полиция инспекторлары олармен жеке профилактикалық жұмыстар жүргізіп, белгіленген талаптардың сақталуын бақылауда ұстайды. Қажет болған жағдайда заңда көзделген қосымша шектеулер қолданылады.
Полиция отбасылық жанжалға немқұрайлы қарамауға шақырады. Қауіпті жағдайдың алдын алу үшін азаматтар мәселе ушығып кетпей тұрып, дер кезінде көмекке жүгінгені маңызды. Өміріне немесе денсаулығына қауіп төнген жағдайда азаматтар дереу полицияға хабарласуы қажет. Сонымен қатар дағдарыс орталықтары мен әлеуметтік қызметтерден көмек алуға болады.
