Алматыда жол қауіпсіздігі бойынша тексеру күшейтілді
Алматыда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және үш дөңгелекті көліктің жүргізушілері мен иелері тарапынан болатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында "Трицикл" жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері үш дөңгелекті көлікті пайдалану кезінде заң талаптарының сақталуын, қажетті құжаттар мен жүргізуші куәлігінің болуын, сондай-ақ жол қозғалысына қатысушылардың белгіленген ережелерді сақтауын тексерді.
Кезекті рейдтік іс-шара Алатау ауданындағы Орталық киім-кешек базарының маңында өткізілді. Аталған аумақ полицияның ерекше назарында. Себебі бұл жерде үш дөңгелекті көліктер сауда орындары арасында қатынау үшін белсенді пайдаланылады және кей жағдайда қаланың жалпы пайдаланымдағы жолдарына шығады.
Бір рейд барысында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 60-қа жуық дерегін анықтады.
Жүргізіліп жатқан іс-шараның негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтардың жолын кесу ғана емес, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жүргізушілердің тәртібін арттыру және жол қозғалысының барлық қатысушысы үшін қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
