Атырауда полиция мас күйде мопед басқарған тұрғынды тоқтатты
Атырауда 39 жастағы тұрғын мас күйде мопед басқарған, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау қаласында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы ережелерінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері рейдтік іс-шаралар жүргізуде.
6 қазан күні рейд барысында 39 жастағы ер адамның ZR200 мопедті алкогольдік ішімдік ішкен күйде басқарғаны анықталды. Сонымен қатар оның көлік құралын басқару құқығы болмаған.
Сол күні көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, Ford және Mercedes автокөліктерін басқарған екі жүргізуші де анықталды.
Аталған деректер бойынша жүргізушілерге әкімшілік хаттамалар толтырылып, іс материалдары мамандандырылған әкімшілік сотқа жолданды. Мопед пен автокөліктер арнайы тұраққа қойылды.
Полиция жүргізушілерді көлік құралын мас күйде басқармауға, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және жол қауіпсіздігі талаптарын орындауға шақырады.
