Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында полицияның тоғыз айдағы жұмысы қорытындыланды

Павлодар облысы полиция департаментінде жылдың тоғыз айдағы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысы шығарылып, алдағы кезеңге арналған басым міндеттер айқындалды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Есепті кезеңде өңірде тіркелген құқық бұзушылықтардың жалпы саны азайған. Атап айтқанда, аса ауыр және ауыр қылмыстар, кісі өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, тонау, бопсалау, ұрлық, автокөлік айдап әкету, зорлау және жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар саны төмендеген.

Сондай-ақ қоғамдық орындарда, көшелерде, адамдар тобы жасаған және кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған құқық бұзушылықтар азайған. Бұған полицияның жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізіп жатқан профилактикалық жұмыстары ықпал етуде. Өңірде бейнебақылау жүйелері белсенді қолданылып, азаматтармен мекенжайлық профилактика және түсіндіру шаралары тұрақты түрде жүргізілуде.

– Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – негізгі міндеттеріміздің бірі. Біз құқық бұзушылықтарға жедел ден қойып қана қоймай, олардың алдын алу шараларын да қабылдаймыз. Бұл – азаматтардың құқықтарын қорғауға және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған полицияның барлық бөлімшелерінің күнделікті жұмысы, – деді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Алмаз Төкенов.

Қылмыстарды ашу көрсеткіштері бойынша да оң нәтижелерге қол жеткізілген. Атап айтқанда, ұрлық, пәтер ұрлығы, мал ұрлығы және қалта ұрлығы қылмыстарын ашу деңгейі артқан. Бірқатар ауыр және аса ауыр қылмыс бойынша 100 пайыздық ашылу көрсеткішіне қол жеткізілген.

Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес аясында 179 құқық бұзушылық анықталды. Заңсыз айналымнан 463 келіден астам есірткі заты тәркіленді. Оның ішінде 14 келіден астамы – синтетикалық есірткі.

Сонымен қатар жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Жол-көлік оқиғаларының жалпы саны мен қаза тапқандар саны азайғанымен, жаяу жүргіншілер мен кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған жол апаттары, сондай-ақ мас күйінде көлік басқаруға байланысты оқиғалар көбейген. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері көлік құралдарын мас күйінде басқарудың 305 дерегін анықтап, жолын кесті.

Қорытынды жиында полиция департаментінің басшылығы алдағы кезеңге арналған басым міндеттерді белгіледі. Қылмыстардың ашылу деңгейін арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға ерекше назар аударылмақ.

Бұдан бөлек, бөлімшелер басшыларына қызметтік тәртіпті нығайту, заңдылық талаптары мен қызметтік әдеп нормаларын қатаң сақтау міндеттері жүктелді. Полиция қызметкерлерінің азаматтармен сыпайы әрі құрметпен қарым-қатынас жасау қажеттігі де ерекше атап өтілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру