Павлодар облысында көлік қою ережелерін бұзған жүргізушілерге тосқауыл қойылды
Павлодар облысында көлік қою ережелерін бұзған жүргізушілер анықталуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Тротуарларға автокөлік қою мәселесі Павлодар облысының тұрғындарын алаңдатып отыр. Кейбір жүргізушілер өздеріне қолайлы жағдайды ойлап, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлардың мақсатын ескере бермейді.
Мәселен, Павлодар қаласының полициясына теміржол вокзалы аумағында автокөліктің дұрыс қойылмағаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына келген полиция қызметкеріне жүргізуші өзін ақтауға тырысқан.
- Анамды пойызға шығарып салып, бірден кетемін. Бұл көп уақыт алмайды! – деген ол.
Тағы бір жағдайда Олжабай батыр көшесінде жүргізуші көлігін тротуар плиткасының үстіне қойып, жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтірген.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай әрекеттер тұрғындардың наразылығын туғызып қана қоймай, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне де қатер төндіреді. Тротуарға көлік қою арқылы жүргізушілер өзгелерге қолайсыздық келтіріп, кей жағдайда жол-көлік оқиғаларына әкелуі мүмкін қауіпті жағдайлар туғызады.
Полиция азаматтарды жол қозғалысы ережелерін сақтауға және өзге қатысушылардың құқықтарын құрметтеуге шақырады. Егер тұрғындар жол қозғалысы ережелерінің бұзылғанын байқаса, полицияның жедел арнасы – жедел басқару орталығының "102" нөміріне хабарлай алады.
Полиция департаментінің мәліметінше, келіп түскен әрбір хабарлама бойынша патрульдік полиция қызметкерлері тиісті шаралар қабылдайды.
Жыл басынан бері өңірде автокөліктерді тұраққа қою ережелерін бұзудың 2 468 дерегі анықталған.
