Маңғыстау облысында ҚАЖ мекемелерінде өндірістік еңбек учаскелерін ашу мәселесі талқыланды
Маңғыстау облысында ҚАЖ мекемелерінде кәсіпкерлерді тарта отырып, еңбек учаскелерін пилоттық режимде ұйымдастыру мүмкіндіктері қарастырылып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде сотталғандарды жұмыспен қамту және кәсіпорындар базасында еңбек учаскелерін ашу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Руслан Уразбаев төрағалық етті. Жиынға департамент пен №43 мекеме басшылығы, өңір прокуратурасының өкілдері, бейінді бөлімшелердің қызметкерлері және кәсіпкерлік саласының өкілі қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – өңірлік кәсіпкерлермен өзара ынтымақтастықты нығайту, сотталғандарды жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейту және қауіпсіздігі төмен мекемелерінде кәсіпорындар базасында еңбек учаскелерін ашу мәселелерін талқылау.
Жиын барысында мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері арасындағы әріптестікті дамыту, өндірістік қызметті ұйымдастыру тетіктері және кәсіпкерлерді сотталғандардың еңбекпен қамтылуына тарту мәселелері қаралды. Сондай-ақ пилоттық жобаны іске асырудың перспективалары талқыланды.
Сотталғандардың еңбекпен қамтылуы олардың кәсіби дағдыларды меңгеруіне, еңбекке деген жауапкершілігін қалыптастыруға және бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға бейімделуіне ықпал етеді. Ал кәсіпкерлермен ынтымақтастық өндірістік қызметті дамытуға және сотталғандардың әлеуметтік бейімделуіне қосымша мүмкіндіктер ашады.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын және пилоттық жобаны іске асыруға қатысты мәселелерді талқылады.
Сотталғандарды еңбекпен қамту және кәсіпкерлік субъектілерімен әріптестікті кеңейту – қылмыстық-атқару жүйесінің маңызды бағыттарының бірі. Бұл жұмыс сотталғандарды қоғамға қайта бейімдеуге және бостандыққа шыққаннан кейін олардың қалыпты өмірге оралуына жағдай жасауға бағытталған.
