Спорт пен тәртіп үндестігі: Астанада вандализмге қарсы акция өтті
Астанадағы Байқоңыр ауданының Ататүрік саябағында орналасқан Fly Park скейт-алаңында құқық бұзушылықтардың алдын алуға, вандализмге қарсы күресуге және жастардың қалалық ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған профилактикалық акция өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара Байқоңыр ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Астана қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қатысуымен "Заң мен тәртіп" қағидаты және "Астана – есірткісіз қала" қалалық бастамасы аясында өткізілді. Сондай-ақ акцияға елордалық полиция департаменті жанындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің мүшелері қатысты.
Іс-шараның жарқын сәттерінің бірі – Fly Park алаңында скейтбордшылар мен велосипедшілердің көрсетілімдік өнер көрсетуі болды. Спорттық бағдарлама жастарға бос уақытты белсенді әрі пайдалы өткізудің мүмкіндіктерін көрсетіп, оларды салауатты өмір салты, қауіпсіздік және қоршаған ортаға құрметпен қарау идеялары төңірегіне біріктірді.
Акция барысында полиция қызметкерлері қатысушылармен профилактикалық әңгімелер өткізіп, құқық бұзушылықтарға жол бермеудің маңызын түсіндірді. Сондай-ақ есірткіге байланысты құқық бұзушылықтарға тартылу қаупі, қоғамдық мүлікті бүлдіру және ғимараттар мен өзге де инфрақұрылым нысандарына заңсыз жазулар жазғаны үшін көзделген жауапкершілік туралы еске салды.
Вандализмнің алдын алуға да ерекше назар аударылды. Елорда аумағында абаттандыру талаптарының бұзылуын анықтау, заңсыз граффити мен жазуларды жоюға бағытталған шаралар қабылдау мақсатында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды.
Қаладағы тазалық пен тәртіпті сақтау – тек коммуналдық қызметтер мен құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір тұрғынның ортақ міндеті. Саябақтарға, спорт алаңдарына және қалалық инфрақұрылымның өзге де нысандарына ұқыпты қарау қоғамдық мәдениет пен жеке жауапкершіліктен басталады.
Мұндай профилактикалық іс-шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алумен қатар, жастар арасында заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен бірге олар бос уақытты белсенді, қызықты әрі пайдалы өткізуге мүмкіндік бар екенін көрсетеді.
