Абай облысында есірткі жарнамасы бар 200-ден астам граффити өшірілді
Абай облысында есірткі жарнамасы бар 200-ден астам граффити өшірілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қабырғаға бояу жағып, жазуларды өшіріп жүрген полицейлерді көрсеңіз, олардың есірткі жарнамасына қарсы күрес жүргізіп жатқанын біліңіз.
Мұндай жазулар жай ғана граффити емес. Олардың артында есірткі сататын интернет-ресурстарға апаратын сілтемелер жасырылуы мүмкін. Ал мұндай жарнама көшедегі кез келген адамның, соның ішінде балалар мен жасөспірімдердің де көзіне түсуі ықтимал.
Абай облысында есірткіге қатысты граффитилерді жою жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Қыркүйек айынан бері өңірде осындай 200-ден астам жазу бояумен өшірілді.
Игі іске полицейлермен қатар облыстық мәслихат депутаттары, ата-аналар комитеттерінің мүшелері, еріктілер мен студенттер де атсалысуда.
Бұл – жастарды есірткіден қорғауға және қоғамда қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған ортақ жұмыс. Өйткені нашақорлық адам денсаулығына зиян келтіріп қана қоймай, отбасылардың берекесін кетіріп, талай жастың болашағына балта шабады.
Егер есірткі сататын интернет-ресурстарға сілтемесі бар күмәнді жазуларды байқасаңыз, олардың орналасқан жерін көрсетіп, "102" нөміріне хабарлаңыз. Сіздің бейжай қарамауыңыз есірткінің таралуына тосқауыл қоюға көмектеседі.
