Қызылордада пробация қызметі электронды бақылауды күшейтті
Қызылордада пробация есебіндегі азаматқа электронды білезік тағылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебіндегі сотталған азаматқа электронды бақылау құрылғысы орнатылды. Бұл құрал сот жүктеген міндеттердің орындалуын қадағалауға, пробациялық бақылауды күшейтуге және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Адам денсаулығына қасақана зиян келтіргені үшін сотталған азамат жазасының бір бөлігін түзеу мекемесінде өтеген. Кейін сот қаулысымен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 73-бабына сәйкес жазасының өтелмеген бөлігі неғұрлым жеңіл жазаға ауыстырылып, пробациялық бақылауға алынған. Осыған байланысты оған электронды бақылау құрылғысы тағылды.
Пробация қызметінің инспекторы Маханбетқали Бағлан азаматқа жаза өтеу шарттары мен пробациялық бақылау талаптарын түсіндірді.
Инспектордың айтуынша, электронды білезік сотталған азаматтың белгіленген талаптарды сақтауын бақылауға мүмкіндік береді. Құрылғының белдігі берік материалдан жасалған, металл сымы бар және су өткізбейді. Қуаты шамамен бір жарым тәулікке жетеді. Сонымен қатар оны сымсыз қуаттандыруға арналған арнайы құрылғы беріледі.
Білезік тағылған азаматтың орналасқан жері GPRS жүйесі арқылы бақыланады. Бұл пробация қызметкерлеріне бақылау талаптарының сақталуын қадағалап, ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алуға көмектеседі.
Электронды бақылау құралдарын қолдану – пробация есебіндегі азаматтардың міндеттерді орындауын бақылаудың және олардың қоғамға қайта бейімделуіне ықпал етудің маңызды тетіктерінің бірі.
