Көкшетауда студенттерге есірткінің ауыр зардабы туралы сотталғанмен телекөпір өткізілді
Көкшетау жоғары медициналық колледжінің студенттері Ақмола облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастамасымен ұйымдастырылған телекөпір аясында сотталған азаматпен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ол өз өміріндегі қайғылы бұрылыстар туралы баяндап, есірткіге тәуелділіктің адам тағдырына қалай әсер ететінін және бір сәттік қателіктің қандай ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін айтып берді.
Кездесудің басты спикері есірткі және психотроптық заттарды аса ірі мөлшерде заңсыз айналымға енгізгені үшін сегіз жылға бас бостандығынан айырылған азамат болды.
Кезінде IT саласында табысты еңбек етіп, қаржылық тұрғыдан еш қиындық көрмеген оның болашағына қатысты мүмкіндіктері мол еді. Алайда күмәнді ортаға араласуы оның өмірін түбегейлі өзгертті. Алдымен есірткі қолдана бастаған ол уақыт өте келе тәуелділіктің жетегінде кетіп, тыйым салынған заттарды таратуға араласқан. Ақырында бұл әрекеттері әшкереленіп, ол бас бостандығынан айырылды.
Сотталған азамат студенттерге өз басынан өткен оқиғаны жасырмай баяндап, қабылдаған шешімдерінің ауыр салдарын ашық жеткізді. Өз тәжірибесі арқылы ол есірткіге әуестенудің адамның мансабына, еркіндігіне және болашағына орны толмас зиян келтіруі мүмкін екенін түсіндірді.
Болашақ медицина мамандары кездесуге белсенді қатысып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Әңгіме барысында зиянды әдеттердің, теріс ортаның және жауапсыз қабылданған шешімдердің адам өміріне ықпалы талқыланды.
Телекөпірге ҚАЖД қызметкері Тимур Сабыров, Ақмола облысы прокурорының көмекшісі Қуандық Көкен, есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция қызметкері Разия Курсанова және мекеменің тәрбие бөлімінің бастығы Жанайдар Қайсенов қатысты.
Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының өкілі Разия Курсанова жастарды есірткінің заңсыз айналымына тартудың жолдары мен осы санаттағы қылмыстар үшін көзделген жауапкершілік туралы түсіндірді. Ол заңсыз әрекеттердің құқықтық салдарын білу және күмәнді ұсыныстардан аулақ болу маңызды екенін атап өтті.
Ал Жанайдар Қайсенов сотталғандардың түзеу мекемелеріндегі тұрмыс жағдайы, олармен жүргізілетін тәрбие жұмыстары және заңға бағынатын өмірге қайта оралуына бағытталған шаралар жөнінде ақпарат берді.
Тимур Сабыровтың айтуынша, мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, өз әрекеттері үшін жауапкершілікті сезінуіне және қылмыстың шынайы салдарын түсінуіне ықпал етеді.
Жыл басынан бері қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері өңірдегі оқу орындарында осындай тоғыз телемост өткізген. Кездесулер барысында нашақорлық, киберқылмыс, маскүнемдік және адам өміріне қауіп төндіріп, қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін өзге де мәселелер талқыланған.
Осындай кездесулердің басты мақсаты — жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, зиянды әдеттердің алдын алу және әрбір қабылданған шешімнің болашаққа әсер ететінін ұғындыру.
