Маңғыстаудағы ҚАЖ мекемесінде домбыраның қоңыр үні күмбірледі
Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №77 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғандар арасында ұлттық өнерді дәріптеу, рухани-мәдени деңгейін арттыру және шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында қазақтың қара домбырасына арналған мәдени-тәрбиелік іс-шара ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының күйшілері мен жыршылары Жәнібек Жұмабаев және Асылбек Дәулетияров қатысты.
Кездесу барысында өнер иелері қазақтың дәстүрлі музыкалық мұрасы, домбыраның шығу тарихы, құрылымы мен жасалу ерекшеліктері туралы мағлұмат берді. Сондай-ақ аспап жасауда қолданылатын ағаш түрлері, домбыраны дұрыс ұстау, қол қимылдарының үйлесімділігі, қағыс түрлері және күйлерді нақышына келтіріп орындау тәсілдері түсіндірілді.

Тәжірибелік сабақ барысында қатысушылар домбыра тарту өнерінің ерекшеліктерімен танысып, ұлттық музыкалық мұраны тереңірек меңгеруге мүмкіндік алды.
Мұндай мәдени-тәрбиелік шаралар сотталғандардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, шығармашылық әлеуетін арттыруға, ұлттық құндылықтарға деген құрметін қалыптастыруға және қоғамға қайта бейімделуіне ықпал етеді.
