Көліктегі ПД бастығы еліміздің оңтүстік және батыс өңірлеріне іссапармен барды
Көліктегі ПД бастығы Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлеріндегі көлік полициясының бөліністеріне барды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Көліктегі полиция департаментінің бастығы Абзал Жұматаев еліміздің оңтүстік және батыс өңірлеріне жасаған іссапары аясында Алматы қаласының халықаралық әуежайында және Алматы, Үштөбе, Тараз, Түрксіб, Шымкент, Арыс, Түркістан және Маңғыстау станцияларында орналасқан полиция басқармалары мен бөлімдерінде болды.
Кездесулер барысында А. Жұматаев бөліністердегі жедел жағдаймен, теміржол және әуе көлігі нысандарында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында күнделікті атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Бас көлік полицейі құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын күшейтуді тапсырып, вандализмге қарсы күрес пен көлік инфрақұрылымын қорғаудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ ол полиция қызметкерлеріне азаматтардың өтініштерін жедел қарау, қылмыстардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында тиісті іс-шаралар қабылдаудың маңыздылығын айтты.
“Заң мен тәртіп” қағидаты аясында заңдылықты қатаң сақтау, құқықтық мәдениетті арттыру және қоғамда құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру қажеттігі де атап өтілді.
— Көлік нысандарында азаматтардың құқын қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету - біздің басты міндетіміз. Құқық бұзушылықтарға жедел ден қою ғана емес, олардың алдын алу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу керек. “Заң мен тәртіп” қағидаты әрбір полиция қызметкерінің күнделікті жұмысында көрініс табуы тиіс, - деді А. Жұматаев.
Сонымен қатар ол “Таза Қазақстан” идеясын кеңінен насихаттаудың маңыздылығына тоқталды. Аталған бастама қоршаған ортаға, қоғамдық орындар мен көлік инфрақұрылымына ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Осы орайда, жолаушылар пойыздары мен вокзалдарда тазалықты сақтау, іргелес аумақтарды абаттандыру және мүлікті вандализмнен қорғау жүйелі жұмысты әрі азаматтардың белсенді қатысуын талап ететіні атап өтілді.
Кездесулердің соңында департамент бастығы әрбір бөліністің алдағы жұмыс бағыттарын айқындап, жеке құрамға қызмет тиімділігін арттыру, қызметтік тәртіпті нығайту, заңдылықты қатаң сақтау және халықпен өзара байланысты күшейту жөнінде нақты міндеттер жүктеді.
Жұмыс сапары аумақтық бөліністердің қызметін бағалауға, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін талқылауға және Департаменттің қызмет көрсету аумағында қауіпсіздікті одан әрі нығайтуға бағытталған міндеттерді айқындауға мүмкіндік берді.
