Атырауда "Жолда қабылдау" акциясы аясында 775 өтініш қабылданды
Атырауда "Жолда қабылдау" акциясы аясында 775 өтініш қабылданды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысында республикалық "Жолда қабылдау" акциясы қорытындыланды. Оның мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, жол қозғалысына қатысты мәселелер бойынша кеңес беру және азаматтардың өтініштерін қарау.
Акция аясында 38 іс-шара өткізіліп, тұрғындардан 775 өтініш түсті. Оның 732-сі қанағаттандырылды.
Өтініштердің басым бөлігі автоматты камералар арқылы тіркелген құқық бұзушылықтар мен айыппұлдарды төлеу, жол қозғалысын ұйымдастыру, жол белгілері мен таңбалары, жүргізуші куәлігін алу және ауыстыру, сондай-ақ көлік құралдарын тіркеу мәселелеріне қатысты болды.
Тұрғындармен кері байланысты нығайту мақсатында әлеуметтік желілерде 13 тікелей эфир ұйымдастырылды. Оларға 2 328 адам қатысып, 710 сұрақ қойды. Оның 671-іне жауап берілді.
Сонымен қатар жедел желі арқылы 65 сұрақ қабылданып, оның 61-і бойынша тиісті түсініктемелер берілді.
Іс-шараларға полиция қызметкерлерімен қатар мемлекеттік органдардың өкілдері, полиция департаментінің қоғамдық кеңесі мүшелері мен блогерлер қатысты.
"Жолда қабылдау" акциясы азаматтардың құқықтық мәселелерін шешуге, жол қозғалысы ережелерін түсіндіруге және полиция мен тұрғындар арасындағы ашық байланысты нығайтуға бағытталған.
