Астанада ұйымдасқан түрде жасалған ұрлық қылмысы ашылды
Астана қаласының криминалдық полиция қызметкерлері елорда базарының аумағында жасалған ұрлық қылмысын ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тергеу барысында белгісіз тұлғалардың базар аумағында тұрған Lexus RX 270 көлігінің салонына заңсыз кіріп, қоңыр түсті әйелдер сөмкесін жасырын жымқырғаны анықталды. Сөмкенің ішінде 80 мың теңге, 100 АҚШ доллары және алтын бұйымдар болған. Келтірілген жалпы материалдық шығын 500 мың теңгені құрады.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Анықталғандай, жәбірленуші автокөлігін базар аумағындағы контейнер маңына қойып, көлікті құлыптамай, қараусыз қалдырған.
Бейнежазбаларды қарау барысында күдіктілердің алдын ала келісіп әрекет еткені белгілі болды. Олардың бірі жәбірленушінің соңынан еріп, оның іс-қимылын бақылаған. Екінші адам оқиға орнынан сәл қашықта тұрып, айналадағы жағдайды қадағалап отырған. Ал үшінші күдікті автокөлікке жақындап, салонға кіріп, сөмкені ұрлап кеткен.
Қылмыс жасалғаннан кейін күдіктілер әртүрлі бағытқа тарағанымен, кейін базар аумағындағы шығаберісте қайта кездесіп, оқиға орнынан бірге кеткен. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдіктілер ұсталды. Қазіргі уақытта олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция азаматтарға бағалы заттарын көлік ішінде қалдырмауды, автокөлікті міндетті түрде құлыптап, қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертеді.
