Павлодарда "Жас сақшы" сыныбының оқушыларымен ерлік пен патриотизм тақырыбында кездесу өтті
Қазақстан Республикасы күні қарсаңында Павлодарда өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, жастардың бойында азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру, заңға және қоғамға қызмет етуді өмірлік мұратына айналдырған азаматтарға құрмет сезімін арттыру мақсатында "Жас сақшы" сыныбының оқушыларымен тағылымды кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға ішкі істер органдарының ардагері Қайыржан Изатов және қызметтік міндеттерін атқару кезінде ерлік пен батылдық танытқан полиция қызметкерлері Азамат Әкімжанов пен Алмас Сағадатов қатысты.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, оқушыларға полиция қызметінің қыр-сырын жақынырақ тануға мүмкіндік берді. Құрметті қонақтар өздерінің қызметтік тәжірибелерімен бөлісіп, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің күнделікті жұмысы, мамандықтың жауапкершілігі мен қызмет барысында батылдық, сабырлылық және кез келген сәтте көмекке келуге дайын болудың маңызы туралы әңгімеледі.
Әсіресе Азамат Әкімжанов пен Алмас Сағадатовтың жеке тәжірибелері оқушылардың қызығушылығын тудырды. Олар қызметтік міндеттерін орындау барысында батылдық, төзімділік пен кәсібилік танытуды талап еткен оқиғаларды баяндады. Әрбір оқиғаның астарында күрделі сынақтар, жауапты шешімдер мен антқа адалдық жатыр. Қызметкерлердің өнегесі ерлік тек қауіп-қатерге қарсы тұрумен шектелмейтінін, оның мәні – адамдарды қорғауға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және өз міндетіне адал болуға деген күнделікті дайындықта екенін көрсетті.
Ішкі істер органдарының ардагері Қайыржан Асқарұлы да өзінің мол тәжірибесімен бөлісіп, ұрпақтар сабақтастығының, қызметтік борышқа адалдықтың және саланың озық дәстүрлерін сақтаудың маңызын атап өтті. Ол өз ісіне берілгендік, принципшілдік пен адал еңбек кез келген маманның абыройын асқақтатып, қоғамның құрметіне бөлейтінін жеткізді.
"Жас сақшы" сыныбының оқушылары үшін бұл кездесу полиция қызметкерлерімен жүздесумен ғана шектелмей, ерлікке, ар-намысқа және отансүйгіштікке үндеген тағылымды сабаққа айналды. Жасөспірімдер мамандықтың қыр-сырын тікелей өз ісінің мамандарынан естіп, полиция қызметі арнайы білім мен дене дайындығын ғана емес, сонымен қатар қайсарлықты, адамгершілікті, тәртіпті және қиын сәтте өзгеге қол ұшын созуға дайын болуды талап ететінін түсінді.
