Павлодарда талапқа сай емес көлік әйнектерін қараңғылағандарға шара қолданылды
Павлодарда талапқа сай емес көлік әйнектерін қараңғылау деректері анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алдыңғы әйнек пен алдыңғы бүйірлік әйнектерді шамадан тыс қараңғылау жүргізушінің көру мүмкіндігін шектеп, жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Соған қарамастан, кейбір жүргізушілер белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін үлдірлер мен жабындарды пайдалануды жалғастырып келеді.
Кезекті патрульдеу кезінде Павлодар қаласындағы Н. Назарбаев көшесінде патрульдік полиция батальонының қызметкерлері алдыңғы бүйірлік әйнектеріне талапқа сай келмейтін қараңғылағыш жабын орнатылған бірнеше автокөлікті тоқтатты.
– Техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін көлік құралдарын басқарған жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – дейді Павлодар қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны командирінің міндетін атқарушы Ғабит Әзбердиев.
Кейбір жүргізушілер әйнектерді қараңғылауды күн сәулесінен қорғану және салон ішіндегі жайлылықты сақтау мақсатымен түсіндіреді. Алайда жеке қолайлылық жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеуі тиіс.
Жыл басынан бері Павлодар облысында осы бап бойынша 9 554 құқық бұзушылықтың жолы кесілді.
Полиция жүргізушілерді белгіленген талаптарды сақтауға және көру мүмкіндігін шектейтін жабындар мен құрылғыларды пайдаланбауға шақырады. Жол қауіпсіздігі әрбір жүргізушінің жауапкершілігі мен тәртіпті сақтауынан басталады.
