Түркістан облысында отбасы қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіп мәселелері талқыланды
Түркістан облысында отбасы қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіп мәселелері талқыланды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы полиция департаментінде Арыстанғани Заппаровтың төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Жиында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және мәслихат депутаттарының сайлау науқаны кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
— Облыс бойынша отбасылық-тұрмыстық саласындағы қылмыстардың саны 9,5-%ға азайған. Жыл басынан бері сот шешімімен құқық бұзушылардың мінез-құлқына 737 ерекше талап қойылып, оның ішінде 395 азаматқа алкогольдік ішімдіктерді пайдалануға тыйым салынған. Белгіленген шектеулерді бұзғаны үшін 123 адам жауапқа тартылды. Есепті кезеңде отбасылық-тұрмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған 2 274 профилактикалық іс-шара өткізілді, – деп атап өтті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Алихан Алентаев.
Аппараттық кеңестің екінші мәселесі Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындыққа арналды. Сайлау науқаны кезінде құқықтық тәртіпті сақтау мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударылмақ.
Кеңес қорытындысы бойынша жауапты басшыларға профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру, қабылданған шаралардың нәтижелілігін бақылау және сайлау кезеңінде қоғамдық қауіпсіздікті тиісті деңгейде қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берілді.
