Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да полицейлер 2 күнде мас күйде көлік басқарған 10 жүргізушіні ұстады

СҚО-да полицейлер 2 күнде мас күйде көлік басқарған 10 жүргізушіні ұстады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Түнде рейд барысында полицейлер Петропавл қаласындағы Әуезов пен Кеншинбаев көшелерінің қиылысында Mazda автокөлігін тексеру үшін тоқтатты. Рөлде отырған 35 жастағы қала тұрғынынан алкоголь иісі шыққан. Медициналық куәландыру оның алкогольдік масаң күйде болғанын көрсетті. Құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды.

Соңғы 2 күнде Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер ішімдік ішкеннен кейін көлік басқарған 10 жүргізушіні анықтады. Жол қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған рейдтер "Құқық тәртібі" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында күшейтілді.

Заңда бұл құқық бұзушылық үшін 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Статистикаға сәйкес, 9 айда СҚО-да мас жүргізушілердің кінәсінен 19 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 1 адам қаза тауып, 26 адам жарақат алған. Полицейлер жол қауіпсіздігін нығайту бағытындағы жұмысты тұрақты түрде жүргізіп келеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру